Қазақстанға 3 млн тонна күнбағыс өнімі болжануда
Қазақстан күнбағыс өндірушілерінің әлемдік рейтингінде бесінші орын алады. 2026 жылы елде 3 млн тонна күнбағыс жиналады деп болжанып отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың тоннаға артық. Мұндай болжамды Ruseed талдау орталығы ұсынды.
Сарапшылардың айтуынша, ағымдағы маусымда әлемде күнбағыс өндірісі 63,6 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен жылғы нәтижеден 8,2 млн тоннаға немесе 14,8%-ға жоғары.
Өткен жылмен салыстырғанда күнбағыс өндірісін едәуір арттырған елдер: Ресей — 3,5 млн тоннаға (+20,0%); Украина — 2,3 млн тоннаға (+21,5%); Еуропалық одақ — 1,1 млн тоннаға (+12,7%); Түркия — 0,6 млн тоннаға (+44,0%); Қазақстан — 0,5 млн тоннаға (+21,8%).
Осылайша, егін жинау қорытындысы бойынша күнбағыс өндіретін әлемдегі ҮЗДІК-10 елдің рейтингі төмендегідей болады деп күтілуде:
- Ресей — 21 млн тонна
- Украина — 13 млн тонна
- Еуропалық одақ — 9,7 млн тонна
- Аргентина — 8 млн тонна
- Қазақстан — 3 млн тонна
- Қытай — 2,2 млн тонна
- Түркия — 1,8 млн тонна
- АҚШ — 1 млн тонна
- Молдова — 1 млн тонна
- Оңтүстік Африка Республикасы — 0,7 млн тонна
Айта кетейік, Қазақстанда күнбағыс жинау жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Биылғы нәтиже жақсы болады деп күтілуде. Бұған күнбағыс егілген алқаптардың ұлғаюы және елдің солтүстік өңірлеріндегі өнімділіктің жақсы болуы ықпал етуде. Қазақстанның Астық одағының бағалауынша, биыл күнбағыс 2,2 млн гектар алқапқа егілген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,791 млн гектарды құраған.