Литвада жаңбыр егіннің 70%-ын құртты
Литва үкіметі ұзаққа созылған жаңбырдың салдарынан егіннің жоғалуына байланысты бүкіл елде төтенше жағдай жариялады. Ұзақ жауын-шашынның салдарынан елде егіннің 50-ден 70%-на дейін бүлінген немесе жойылған, деп Литва Министрлер кабинетінің сайтында хабарланды.
Төтенше жағдай жариялау апаттан зардап шеккен фермерлерге мемлекеттік қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Үкімет төтенше жағдай жариялағанға дейін 14 муниципалитет бұрын муниципалдық деңгейде осындай шараларды енгізген болатын. Бұл муниципалитеттердегі дақылдардың бір бөлігі жауын-шашынның салдарынан бүлініп, ал қалған дақылдың сапасы нашарлады. Көптеген аудандарда фермерлер егін жинау үшін егістікке шыға алмайды.
Литвада ұзаққа созылған жаңбыр кезеңі мамыр айының соңында басталды және қазіргі уақытта бірқатар аудандарда тіркелуде. Шілде айында Литвада жауын-шашынның орташа мөлшері 141,4 мм-ге жетті (стандартты климаттық норманың 168%), ал кейбір аудандарда әдеттегіден 2-3 есе көп. Қарқынды жауын-шашын көптеген аудандардағы топырақтың толық ылғалдануына әкелді, сондықтан тіпті қысқа мерзімді жауын-шашын жер үсті суларының жиналуына және жаңа су тасқынына әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан биыл Балтық елдеріне астықты белсенді жеткізуде. Азық-түлік корпорациясының мәліметі бойынша шілде айының соңында аталған бағыт бойынша Қазақстанның экспорттаушылары 119,3 мың тонна бидай жеткізді.