08:05 Ұн

Азық-түлік корпорациясы Қытайға ұн мен май жеткізуге келісті

Азық-түлік корпорациясы қытайлық «Сиань Ай Цзюй» өнеркәсіптік тобымен қазақстандық агроөнімді өңдеу және Қытайға экспорттау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойды. Келісім Солтүстік Қазақстан облысында алдағы уақытта қытайлық сатып алушыларға жөнелтілетін азық-түлік және жемшөп ұнын, өсімдік майын және қазақстандық астықтан жасалған басқа да өнімдерді өндіруді көздейді, деп Азық-түлік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Сәуір айында Азық-түлік корпорациясы Солтүстік Қазақстан облысындағы қытайлық топқа тиесілі зауытқа 10 мың тонна көлеміндегі астықтың сынақ партиясын жөнелтті. Енді тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытып, дәнді және майлы дақылдарды жеткізу көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті.

«Отандық азық-түлік өнімдері Сиань қаласының супермаркеттерінде кеңінен ұсынылған және жергілікті тұрғындар арасында сұранысқа ие. Өңдеу алаңдарына астықтың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өндірушілерін осы жобаға тарту мүмкіндігін қарастыруда»,- деп Азық-түлік корпорациясында хабарлады.

Ұлттық компания Сианьда Чаньба (Сиань) халықаралық құрғақ портының операторымен тағы бір меморандум жасады. Бұл логистикалық хаб Азия мен Еуропаның 45 еліне теміржол жеткізілімдерін ұсынады. Қытай тарапы қазақстандық компаниялардың қатысуымен контейнерлік және мультимодальдық тасымалдарды кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Азық-түлік корпорациясында атап өткендей, қол жеткізілген келісімдер қазақстандық өнімді шетелге, атап айтқанда Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жеткізудің икемділігін қамтамасыз ету үшін Азық-түлік корпорациясы баламалы экспорттық бағыттарды да пысықтайды. Атап айтқанда, «Қытай – Еуропа« теміржол тасымалы жөніндегі халықаралық конференция алаңдарында Баку порты арқылы Қара теңіз және Түркия бағытындағы астық транзитін ұлғайту келешектері талқыланды. Баку астық терминалының инфрақұрылымын ауыстырып тиеу үшін пайдалану әлеуетіне қосымша талдау жүргізіледі.