12:33 Ұн

Қазақстанда ұн экспортына көлік субсидиялары енгізіледі

ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов өткізу нарықтарын кеңейту үшін астық өңдеу өнімдерінің экспортын қолдаудың жаңа шараларын енгізуді тапсырды.

«Отандық өнімнің өткізу нарығын кеңейту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп Азық-түлік корпорациясына астық өңдеу өнімдерін тасымалдау кезінде шығындарды өтеу жөніндегі оператор өкілеттігін беруді тапсырамын», - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және қант қызылшасын тасымалдауға инвестициялық субсидия енгізуді тапсырды. Бұл шара отандық кәсіпорындарды қолдайды.

Мал шаруашылығы саласында өңірлер әкімдіктеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, нарықты ет өнімдерімен қанықтыру және оның экспортын ұлғайту үшін саланы дамыту бағдарламасы шеңберінде асыл тұқымды мал басын сатып алу жөніндегі жұмысты жеделдету тапсырылды.

«Ауыл шаруашылығындағы негізгі міндеттер вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуі, егін жинау науқанын сапалы өткізу және инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру болып табылады», - деп атап өтті премьер-министр.