Кеше Көкөністер мен жемістер

Қазақстанда қызанақ өндірісіне 120 млн доллар инвестиция салу жоспарланған

Sine Midas Stroy түрік компаниясы поляк Fabe Agro компаниясымен бірлесіп, құны 120 млн доллар болатын Қазақстанда жылыжай кешенін іске қосу мүмкіндігін пысықтауда. Жоспарланған өндірістік қуаты жылына 36 мың тонна қызанақты құрайды, деп ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта жобаны іске асыру шарттарын, инвестициялар көлемін және тараптардың міндеттемелерін айқындайтын инвестициялар туралы Келісім жасасу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Жылыжай кешенінің жобасын іске асыру жөніндегі жоспарларды ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Sine Midas Stroy басқарма төрағасы Ахмет Буданмен талқылады.

«Қазақстан аграрлық секторға жоғары технологиялық инвестицияларды тартуға мүдделі. Біз өз тарапымыздан Қазақстанда экспортқа бағдарланған жылыжай саласын қалыптастыруға бағытталған жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар келісімге қол қоюды жеделдетуге және жақын арада жобаны іс жүзінде іске асыруға дайын екендіктерін растады.