Қазақстан Кореямен бірлесіп тұқымдық картоп өндіруді бастайды
Қазақстанда тұқымдық картоп өндірісі жүйесін құру туралы меморандумға Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен кореялық VITROSYS INCORPORATION компаниясы арасында қол қойылды. Бұл туралы ҰАҒББО баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба аясында in vitro әдісімен вируссыз материал өндіру, биореакторларды пайдалана отырып, картоп өсімдіктерін микроклоналды көбейту технологияларын енгізу, шағын түйнектер (G0) және G1-G3 ұрпақтарының тұқымдық картоптарын өндіруді дамыту жоспарлануда.
Бұдан басқа, зертханалық және жылыжай инфрақұрылымын жаңғырту жүргізіледі, сондай-ақ мамандар даярланады.
«Жобаны іске асыру тұқымдық картоп импортына тәуелділікті азайтуға, аграрлық сектордың ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге және фермерлерді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҰАҒББО.