Түркістан облысының аграршылары қырыққабаттың алғашқы өнімін экспорттай бастады
Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы «Қылышбек» шаруа қожалығында ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімі жиналып, Ресейге экспортқа жіберілді. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған шаруашылық кәріс селекциясына жататын «Пекинка» сұрпын өсіреді.
Қожалық басшысы Сейсенбай Мусирманкуловтың айтуынша, шаруашылыққа тиесілі 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат дақылы егілген. Егіс барысында заманауи тамшылатып суғару технологиясы қолданылып, өнім сапасы мен өнімділігін арттыруға ерекше мән берілген.
Қазіргі таңда қырыққабаттың бір келісі 200 теңгеден саудалануда. Жалпы өнім көлемі шамамен 120 тонна болады деп күтілуде. Өнімді тасымалдау «Агрогруз» компаниясы арқылы жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылға арналған болжамдық егіс құрылымына сәйкес, Мақтаарал ауданы бойынша көкөніс дақылдары 1 404 гектар алқапқа орналастырылады деп жоспарланған, оның ішінде қырыққабат дақылы 1 016 гектарға егілмек. Бүгінгі күнге дейін ерте пісетін қырыққабат 827 гектар аумаққа егіліп, алғашқы өнімдер нарыққа жол тартты.
«Аудан фермерлері негізінен «Ринда», «Пекин» және «Пандион» сияқты салмағы 1-ден 1,5 кг-ға дейінгі қырыққабат сұрыптарын таңдаған. Бұл өнімдерге әсіресе Еуропа елдері мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Бұл ретте жергілікті аграршылар ішкі нарықты да толық қамтамасыз етуге қауқарлы», - деп атап өтті әкімдікте.
Ерте пісетін қырыққабат жиналғаннан кейін фермерлер бақша, мақта, жүгері және басқа да дақылдарды егуге кіріседі. Осылайша жылына екі, кейде үш өнім алуға болады.
Өткен жылы Мақтаарал ауданында 520 гектар жерге қырыққабат егілсе, нәтижесінде 11 мың тоннаға жуық өнім жиналған, оның басым бөлігі Ресей және Беларусьқа экспортталған болатын.