Жамбыл облысында фри картобын жасайтын өндіріс іске қосылады
Нидерландтық Farm Frites Beheer компаниясы «К-Агро Холдинг» ЖШС-мен бірлесіп Шу ауданында фри картобын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Картенс Жамбыл облысына келіп, өңір басшысымен осы және басқа да бірлескен жобаларды талқылады.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, фри картобын өндіру жобасы $145 млн-ға бағаланған, зауытты 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Мұнда 240 адам жұмыс істейтін болады.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетіні жайлы айтты. Қазіргі уақытта болашақ зауыттың орналасқан жері белгіленіп, қажетті инфрақұрылым жүргізілген.
«Қазіргі басты міндет – құрылысты тезірек бастау. Уақыт өтіп жатыр. Кәсіпорын бізге керек, оның өнімдері экспортталатын болады», - деді Бердібек Сапарбаев.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстан жыл сайын 300 мың тонна картоп экспорттайды
Елші Андре Картенс Нидерланды тарапының барлық жұмыстарды уақтылы жүргізуге ынталанып отырғындығын жеткізді.
«К-Агро Холдинг» директорлар Кеңесі Төрағасының кеңесшісі Жеңіс Өсербайдың айтуынша, зауыт құрылысы басталғанға дейін инвесторлар 65 гектар жерге картоп отырғызып, өнімділік деңгейін тексеруді жоспарлап отыр.
Кездесуге ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нұрбек Дайырбеков қатысып, ортақ жобаның келешегін атап өтіп, аграрлық сектордағы ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
«Біздің облыс аграрлық-индустриялық аймақ болып саналады. Таулы жерлерде көкөністер, жидектер, жемістер, әсіресе алма жақсы өседі. Жер құнарлы. Осы жобаны іске асырғаннан кейін біз жаңа жобаларды қолға аламыз. Біз ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайынбыз және инвесторлар санын арттыруға мүдделіміз», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.