Маңғыстау өлкесінде жеміс-жидек өсірілетін бау-бақша отырғызылды
Маңғыстау облысындағы Мұнайшы ауылында «Реалос» ЖШС жеміс ағаштары мен бұталары өсірілетін жылыжай салды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталған бақшаны отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. ЖШС басшысы Ерлан Бажиков Ираннан, Грузиядан, Осетиядан және Әзірбайжаннан 1000-нан астам алма, алмұрт, өрік, шие, жүзім және жаңғақ көшеттерін әкелді.
«Осы жоспарды жүзеге асыру үшін біз 2 гектар жер алдық. Шамамен 2 жыл бойы біз сарапшылармен бірге бұл жерде қандай жеміс отырғызуға болатынын зерттеп, талдадық. Сол жұмыстың нәтижесінде 4 елдің селекционерлерімен келісіп, көшеттер сатып алдық», - деді Ерлан Бажиков.
Тақырыпқа байланысты оқ: Алматы облысында фундук өсірілетін болады
Баспасөз қызметі хабарлағандай, аймақта облыс әкімінің тапсырмасы бойынша отандық өнімдерді өсіру көлемін арттыруға қатысты жұмыстар жасалуда. Бұл бағытта нақты шаралар қолға алына бастады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда бау-бақша өсіруге мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Ең алдымен, ішкі нарықты отандық алмамен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Қазіргі кезде Қазақстан 144 мың тонна алма импорттайды. 6,6 мың гектар алқапқа жаңадан қарқынды түрде өсетін бақтар салу жоспарлануда, олар негізінен: Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында және Шымкентте өсірілетін болады.