Дон Мар төмен өсетін дақылдарды жинауға арналған дестелегішті ұсынды
Жасымық пен зығырды жинау көбіне қиындық туғызады. Өйткені ылғал тапшылығы жағдайында бұл дақылдар аласа болып өседі. Егінді барынша аз шығынмен тиімді жинау үшін қазақстандық «Дон Мар» компаниясы арнайы Flex дестелегішін әзірледі. Бұл туралы ElDala.kz порталына берген сұхбатында компанияның коммерциялық директоры Әлішер Ахметов мәлімдеді.
Соңғы жылдары Қазақстандағы егіс алқаптарының құрылымы өзгеріп, майлы және бұршақ дақылдарының көлемі артып келеді. Соған сәйкес осы дақылдарды өсіруге арналған ауыл шаруашылығы техникасына деген сұраныс та өсуде.
«Біз нарықтағы үрдістер мен талаптарға сай жұмыс істейміз. Егіс алқаптарының құрылымы майлы дақылдар жағына қарай өзгеріп, осындай техникаға сұраныс артқандықтан, күнбағыс жинауға арналған дестелегішті екінші жыл қатарынан шығарып келеміз. Сондай-ақ биыл Flex дестелегішін тәжірибе жүзінде өндіруді бастадық. Бұл – соңғы жылдары сұранысы айтарлықтай артқан аласа дақылдарды жинауға арналған иілгіш платформасы бар дестелегіш», – деді Әлішер Ахметов KazAgroFarm 2026 көрмесінде.
Компания Flex дестелегіштерін сериялық өндіруді алдағы бір-екі жылда бастауды жоспарлап отыр.
«Дон Мар» өндіріс орны Қостанай облысының Лисаковск қаласында орналасқан. Компанияның жұмыс істеп келе жатқанына 27 жыл болды. Кәсіпорын комбайндардың әртүрлі модельдеріне арналған дестелегіштерінің кең ассортиментін және басқа да ауыл шаруашылығы техникасын шығарады. Қазақстанда өндірілетіндіктен, компания техникасы мемлекеттік жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларына қатыса алады. «Дон Мар» компаниясының сервистік қызмет көрсету желісі Көкшетау, Қостанай және Астана қалаларында орналасқан. Бұл қалаларда компания клиенттеріне жедел қызмет көрсету үшін қосалқы бөлшектер қоймалары да бар.