Қазақстандық өндіруші Дон Мар дестелегіштердің жаңа үлгілерін ұсынды

«Дон Мар» компаниясы KazAgroFarm-2026 көрмесінде тіркемелі және аспалы техникаларын ұсынды. Компанияның дестелегіштері мен басқа да агрегаттары ел фермерлеріне жақсы таныс. Себебі зауыттың жұмыс істеп келе жатқанына 27 жыл болды. Осы уақыт ішінде кәсіпорын тұрақты өндіріс жолға қойып, бірнеше өңірде сервистік қызмет көрсету желісін қалыптастырды. Компанияның өнім түрлері мен қазақстандық техниканың артықшылықтары туралы ElDala.kz порталына коммерциялық директоры Әлішер Ахметов айтып берді.

«Дон Мар» негізгі өндірісі дестелегіштерді шығаруға бағытталған. Бұл бағытта кәсіпорын өнімнің кең таңдауын ұсынады. Компания дестелегіштері комбайндардың 36 моделіне агрегаттауға болады. Яғни олар Қазақстан нарығында ұсынылған техникалардың барлық дерлік маркасымен жұмыс істей алады.

«Дон Мар» шығаратын агрегаттардың басым бөлігін Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлеріндегі астық өсіретін шаруашылықтар сатып алады. Дестелегіштер мен басқа да жабдықтар Ақтөбе, Павлодар және өзге облыстардың егіс алқаптарында да қолданылады. Алдағы уақытта компания елдің шығысындағы аграршылармен ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Себебі күнбағыс тұқымының ең мол көлемі осы өңірде өндіріледі. Зауыт күнбағыс жинауға арналған дестелегіштерді шығаруды қолға алды.

– Біз нарықтағы үрдістер мен талаптарды ескеріп, жаңа өнімдер шығарып отырамыз, – деді Әлішер Ахметов. – Мысалы, күнбағыс жинауға арналған дестелегіштерді шығарып келе жатқанымызға екінші жыл болды. Егіс алқаптарының құрылымы майлы дақылдар жағына қарай өзгеріп келе жатқаны белгілі. Сондықтан елімізде осындай техникаға сұраныс артып отыр.

«Дон Мар» биыл тағы бір жаңа өнім – икемді кесу аппараты бар Flex дестелегішін шығаруды бастады.  Ол жасымық сияқты аласа өсетін дақылдарды жинауға арналған. Топырақ бетіне мүмкіндігінше жақын жасалған кесу егін жинау кезінде шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Әзірге мұндай дестелегіштерді шығару тәжірибелік режимде жүргізіліп жатыр. Алайда жақын арада олар сериялық өндіріске енгізіледі.

– Соңғы жылдары бұршақ дақылдарына сұраныс айтарлықтай өсті. Сондықтан Flex дестелегіштерін өндіруді қолға алып отырмыз, – деп атап өтті Әлішер Ахметов. – Алдағы бір-екі жылда осы модельді сериялық өндіріске шығаруды жоспарлап отырмыз.

фото donmar.kz

 

Made in Kazakhstan

«Дон Мар» зауыты Қостанай облысының Лисаковск қаласында орналасқан. Кәсіпорында өндірістің толық циклі жолға қойылған. Сондықтан компания агрегаттары жеңілдетілген лизинг пен несиелеу бағдарламаларына қатыса алады. Бұл оларды отандық фермерлер үшін қолжетімді етеді.

– Біздің зауытта өндірістің толық циклі жүзеге асырылады. Яғни бастапқы металл дайындамасынан бастап, дайын бұйымдарды өзіміз шығарамыз, – деп түсіндірді Әлішер Ахметов. – Өнімдеріміздің Қазақстанда өндірілгенін растайтын сертификаттарымыз бар. Сондықтан жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына, соның ішінде осы бағыттағы негізгі серіктесіміз «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша ұсынылатын бағдарламаларға қатысамыз.

Техниканың бағасы қолжетімді болуымен қатар, «Дон Мар» өнімдерін таңдауда сервистік қызметтің дамығаны да маңызды рөл атқарады. Компанияның Көкшетау, Қостанай және Астана қалаларында филиалдары бар. Бұл қалаларда қосалқы бөлшектер қоймалары да орналасқан. Соның арқасында компания клиенттердің өтініштеріне жедел жауап беріп, техника жұмысы барысында туындаған мәселелерді қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік алады.

Компания басшылығы нарықтағы үрдістерді қадағалап, жағдайды талдайды және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұраныстарына жедел жауап беруге тырысады. Сондықтан «Дон Мар» жыл сайын еліміздің басты аграрлық көрмесі – KazAgroFarm-ға қатысады. Бұл компанияға өнімдерін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кең ауқымына таныстырып қана қоймай, серіктестерімен өтіп бара жатқан жылдың қорытындылары мен алдағы жоспарларды талқылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрақты клиенттердің техника жұмысына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын жинап, оларды алдағы жұмыста ескеруге жол ашады.

– KazAgroFarm көрмесіне жыл сайын қатысамыз. Мұнда тұрақты клиенттерімізбен кездесіп, жаңа серіктестермен байланыс орнатуға үміттенеміз. Бұл көрмеден күтеріміз көп, – деп түйіндеді Әлішер Ахметов.

Светлана Калинкина

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.