KazAgroFarm-да ыстыққа төзімді жүгері будандары таныстырылды

Биылғы аграрлық маусымда ауа температурасының жоғарылауы мен ылғал тапшылығы түрлі өндірушілердің тұқымдары үшін нақты сынақ болды. Өйткені мінсіз жағдайда жоғары өнім алу бір бөлек те, ауа райының қолайсыздығына қарамастан мол өнім жинау мүлде басқа мәселе.

KazSeeds компаниясының жүгері будандары бұл сынақтан сүрінбей өтті. Компания Астанада өткен KazAgroFarm көрмесінде өз стендін ұсынды.

– Әр аграрлық маусымда клиенттеріміздің шаруашылықтарын аралап, жағдаймен танысамыз, – деді KazSeeds компаниясының директоры Серік Рамазанов. – Биылғы сапарлар барысында ауа райы жағдайының қаншалықты күрделі болғанын көрдік: температура 40 градусқа жуықтап, жауын-шашын болмады. Мұндай жағдай әдетте ауа райы қолайлырақ болатын Қазақстанның шығыс және солтүстік өңірлерінде де байқалды. Әрине, соның салдарынан өнімділік біз де, фермерлер де күткендей жоғары болмады. Дегенмен, қалыптасқан жағдайда, мысалы, СҚО-ның Мағжан Жұмабаев ауданында суарылмайтын алқаптан әр гектардан 4 тоннадан астам дәндік жүгері жинау – жаман көрсеткіш емес.

KazSeeds тұқымдарының ерекшелігі – селекция жұмыстарының бастапқы кезеңінен-ақ түрлі күйзеліске төзімді будандар шығаруға басымдық беріледі. Компанияның селекциялық орталығы Пуэрто-Рикода орналасқан. Бұл аймақтың климаттық ерекшеліктеріне байланысты ауа райы өте ыстық, ал өсімдіктер түрлі ауруларға жиі шалдығады. Осындай жағдайда кез келген қиындыққа қарамастан жоғары өнім беруге қабілетті генетика қалыптасады.

– Биыл бізді бәріне ұнайтын, ФАО көрсеткіштері тиісінше 160 және 190 болатын «Алия» мен «Лола» будандары ерекше қуантты, – деді Серік Рамазанов. – Олар жағдайы бұдан да күрделі Павлодар облысында егілді және жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен, «Лола» буданының суармалы алқаптарынан сүрлемге гектарына 400 центнерден астам өнім жиналды, ал дәндік өнімділігі гектарына шамамен 10 тоннаны құрады.

Серік Рамазановтың айтуынша, Ертіс өзені секілді қуатты су көзінің болуы Павлодар облысында суармалы егіншілік алқаптарын жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ауа райына байланысты тәуекелдерді барынша азайтып, тұрақты өнім алуға жағдай жасайды.

Еске сала кетейік, дәстүрлі күзгі KazAgroFarm-2026 аграрлық көрмесі 21–23 қазан аралығында елордадағы Экспо орталығында өтуде. Кіру тегін.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.