Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.
KazAgroFarm-да жемшөпті іріктеуге арналған заманауи техника ұсынылды
PÖTTINGER компаниясы Астанада өткен KazAgroFarm-2026 көрмесінде таспалы тырмалар көмегімен жемшөп жинау технологиясын таныстырды. Бұл технология сапалы жасыл массаны таңдауға және жемді таза ұстай отырып, орамға салуға мүмкіндік береді. Компанияның ТМД елдері бойынша сату жөніндегі директоры Александр Зернов жаңа техника туралы ElDala.kz порталына айтып берді.
«Таспалы тырмалармен жемшөп жинауға арналған бұл модель Mergento деп аталады. Биыл біз мұндай машиналарды Қазақстандағы бірнеше шаруашылыққа жеткіздік. Ол жемшөпті ұқыпты жинап, жалға түсіруге мүмкіндік береді. Соның арқасында кейін мал азығына таза жемшөп беріледі», – деді Александр Зернов.
Сонымен қатар PÖTTINGER компаниясы көрмеде ені 12 метрлік дискілі тырманы ұсынды. Бұл модель алғаш рет 2025 жылы таныстырылған болатын. Компания өкілдерінің айтуынша, ірі шаруашылықтар тарапынан аталған техникаға қызығушылық жоғары.
Жаңа үлгілерден бөлек, компания Қазақстан фермерлеріне өзін жақсы қырынан көрсеткен техникаларын да ұсынуға дайын. Олардың қатарында ұсақ тұқымды дақылдарды себуге арналған дискілі сепкіші бар егіс кешендері бар.
Александр Зернов атап өткендей, жыл сайынғы KazAgroFarm күзгі көрмесі серіктестермен кездесуге, жаңа маусымның болашағын және ауыл шаруашылығы нарығының болашақ бағытын талқылауға мүмкіндік береді.
«Біз бұл көрмеге көптен бері қатысып келеміз, өйткені ол – жаңа техниканы таныстыруға және, әрине, әріптестермен пікір алмасуға тамаша алаң. Кезекті аграрлық маусым аяқталған тұста оның қорытындысын талқылап, алдағы жоспарларды саралайтын уақыт келді», – деді PÖTTINGER өкілі.
KazAgroFarm-2026 халықаралық көрмесі 21–23 қазан аралығында Астанадағы EXPO көрме орталығында өтуде. Көрмеге әлемнің 25 елінен 300-ден астам компания қатысуда. Келушілер үшін кіру тегін.