ШҚО аграршылары егістікті 6,9 мың гектарға дейін кеңейтті
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Шығыс Қазақстан облысына барған жұмыс сапарында көктемгі егін егу жұмыстарының барысын тексеріп, ірі тұқым өсіретін шаруашылықтарды аралады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазіргі уақытта жер жырту,топырақты дайындау және күздік дақылдар мен көпжылдық өсімдіктерді егу жұмыстары аяқталды. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында биыл 1,3 миллион гектар алқапқа егін егіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 мың гектарға артық болып есептеледі. Көбінесе облыста дәнді және бұршақты дақылдар егіледі, сонымен бірге майлы дақылдар да отырғызылады. Майлы дақылдардан күнбағыс көлемі көп - олар 445 мың гектардан астам жерге отырғызылады.
Картоп 19 мың гектарға, көкөністер мен бақша дақылдары 16 мың гектар жерге себіледі. Бұл Шығыс Қазақстан облысындағы жалпы егіс алқабының 2,5% құрайды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, көктемгі егіс жұмыстарын облыста 2,5 мыңнан астам шаруа қожалықтары жүргізеді. Оған 16,6 мың трактор, 5 мыңнан астам жүк көлігі, 93 егіс кешені, 11 мыңнан астам сепкіш, соқалар мен қопсытқыштар пайдаланылады.
Егін егу жұмыстары үшін Павлодар МӨЗ-дан 30 мың тонна дизель отыны бөлінді. Облыстық бюджеттен тұқым, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер мен пестицидтер сатып алуға субсидия түрінде 5,4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.
Сапархан Омаров жұмыс сапары аяқталғаннан кейін Глубокое ауданы Солнечное ауылында «Опытное хозяйство масличных культур» ЖШС ұжымымен кездесті. Аталған өндіріске 55 жылболған, аталған кәсіпорын күнбағыс және дәнді дақылдардың жоғары репродукциялы тұқымын шығарады, ауылшаруашылық тауар өндірісін жасайды және сүт өндіру шаруашылығын дамытады. Компанияда 350 адам жұмыс істейді.
ЖШС директоры М. Атахановтың айтуынша, фермада 10 мың гектар алқап бар, оған күздік және жаздық бидай, арпа, бұршақ, соя, күнбағыс және көпжылдық дақылдар егіліп, өсіріледі. Негізінен майлы дақылдар өсірумен айналысады. 1965 жылдан бастап компания майлы, жоғары өнімді 20-дан астам сорттар мен будандарды шығарған.
Сапархан Омаров сапар барысында инвесторлармен жақсы жұмыс жүргізілгенін атап өтті, соның арқасында компания пилоттық жұмыс пен ғылымды дамытуға 100 млн. теңгеден астам қаражат берілетінін айтты. Инвесторлардың берген қаражатына асыл тұқымды өсіруге керекті құралдар мен зертханалық жабдықтар сатып алатын болады.