"Ақ Бидай-Терминал" арқылы Иранға 35,5 тонна астық тиелді
2023 жылдың бірінші тоқсанында Иран бағытындағы "Ақ Бидай – Терминал" АҚ астық терминалы арқылы астықты ауыстырып тиеу көлемі 35 553 тоннаны құрады. Оның ішінде бидай 5 806 тонна, арпа – 29 747 тонна экспортталды. Бұл туралы Азық-түлік корпорациясында хабарлады.
"Ағымдағы жылы астықты астық терминалы арқылы ауыстырып тиеу жоспарға сәйкес және әдеттегі жұмыс режимінен ауытқусыз жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жүк жөнелтушілерден астық қабылдау жүргізілуде. Ағымдағы жылдың сәуір айында экспорттаушылардан астықты ауыстырып тиеуге 24 099 тонна көлемінде өтінімдер келіп түсті. Астықты астық терминалы арқылы ауыстырып тиеу жөніндегі 2023 жылға арналған жылдық жоспар 400 мың тоннаны құрайды", - деп хабарлады Азық-түлік корпорациясы.
"Ақ Бидай-Терминал" дәнді және майлы дақылдарды, сондай-ақ басқа да сусымалы жүктерді қабылдау және ауыстырып тиеу мүмкіндігіне ие.
"Ақ Бидай-Терминал" астық терминалы Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Ақтау теңіз портында орналасқан. Терминал Қазақстан Республикасының агроазық-түлік бағдарламасын іске асыру шеңберінде құрылды, ол қазақстандық астықтың, ең алдымен Кавказ өңірі мен Таяу Шығыс елдеріне экспортын кеңейтуге бағытталған.
Тақырып бойынша оқу: Қазақстан Ресей бидайына тәуелді болды
Азық-түлік корпорациясының мәліметі бойынша, терминалда жалпы көлемі 22,5 мың тонна астықты уақытша сақтауға арналған 11 сүрлем бар. Терминалдың ауыстырып тиеу жөніндегі көлік коммуникацияларының өндірістік қуаты сағатына 350 тоннаға дейін астықты құрайды, бұл теміржол вагондарынан тәулігіне 3 мың тоннаға дейін астықты қабылдауға, ал теңіз кемелеріне тәулігіне 4 мың тоннаға дейін астықты жөнелтуге мүмкіндік береді.