Қазақстанның астық өңірінде 20-сыншы тамызға қарай жаппай егін ору науқаны басталады
Қазақстанның негізгі астық егетін аймақтарында – Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында жаппай егін ору кезеңі 20-сыншы тамызда басталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы мәлімдегендей, қазіргі уақытта астық дақылдарының жаппай жиналуы Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында жүргізілуде.
«Қазіргі уақытта, 10 тамызда 929,4 мың га немесе егін жинау алаңының 37,3% жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 19,1 центнерден 1,8 млн тонна дәнді дақыл жиналды. Өткен жылы осы уақытта 1,4 млн тонна егін жиналған болатын»-деп атап өтті С.Омаров.
Министрдің ақпараты бойынша, республиканың негізгі астық егетін өңірлері де егін жинауға кірісті, қазірдің өзінде 93,3 мың га немесе жалпы алаңның 0,8% жиналды. Бірақ солтүстік өңірлер 20-сыншы тамызға қарай жаппай егін оруға кіріседі.
Үкімет отырысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев хабарлағандай, өңірде жаппай астық жинау науқаны 12-13 тамызда басталады. Жалпы астық жинау көлемі 5 млн тоннаға жуық болады деп күтілуде.
«Қазіргі уақытта егін жинау техникасы мен қабылдау орындары астық жинауға дайын. Тамыз айына жоспарланған дизель отынының кепілдендірілген көлемінен 2,8 мың тоннасы берілді», - деді әкім.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ағымдағы жылы дәнді және бұршақты дақылдар 14 812 мың гектарға себілді.