Қазақстан бидайды Қытайға жеткізудің балама жолын ұсынды
Қазақстан Қытайға жылына 10 млн тоннаға дейін астық жеткізе алады, бірақ қазіргі уақытта ҚХР Бас кеден басқармасының тізіліміне жеткізушілерді енгізу рәсімдерінің ұзақтығына, сондай-ақ логистикадағы шектеулерге байланысты экспорт тежелуде. Кездесуде ҚР вице-премьері Серік Жұманғарин мен ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Лю Гочжун аталған мәселелерді шешуді талқылады.
Серік Жұманғарин хабарлағандай, пандемиядан кейін 2023 жылы ҚХР-ға астық тасымалдауды қайта бастауға қол жеткізілді, нәтижесінде экспорт 2,5 есе өсті: 2021 жылы - 347 мың тонна, 2022 жылы – 825 мың тонна, ал 2023 жылы - 2 млн тонна. Өткен жылы Қазақстаннан Қытайға өсімдік шаруашылығы өнімдерінің жалпы экспорты 3,5 млн тоннаға жетті.
«Қазақстанның дәнді дақылдар бойынша Қытайға экспорттық әлеуеті жылына 10 млн тоннаны құрауы мүмкін. ҚХР Алашанькоу және Қорғас шекаралас қалаларында тұтас құрамды автоматтандырылған түсіру мүмкіндігімен қуаттылығы тәулігіне 6 мың тонна заманауи астық терминалдарын салды. Сонымен қатар, Қытайға бидайды жөнелту үшін ҚХР Бас кеден басқармасы жүйесінде жеткізуші кәсіпорындарымызды қайта тіркеу процесін кешіктіру мәселесі бар. Жаңа қазақстандық компаниялар, жемдік ұн, бидай кебегі, рапс, бұршақ, жасымық, шрот және торт экспорттаушылары МКБ тізіліміне енгізудің ұзақ рәсімдерімен бетпе-бет келіп отыр», - деп жазды Facebook-тегі парақгһшасында кездесуден кейін Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, Лю Гочжунмен кездесуде Қытай тарапымен бірлесіп ҚХР қазақстандық астықты қабылдауға лицензиясы бар Қытай импорттаушыларының тізбесін ұсынатын тетікті әзірлеу ұсынылды. Бұл дәнді дақылдардың оңтайлы логистикасын құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитет пен жұмыс тобын құру ұсынылды. Бұл Қазақстан мен Қытайдың агроөнеркәсіптік кешен мен логистика саласындағы өзара іс-қимыл әлеуетін неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қазақстан Қытайға астық жеткізудің балама жолын ұсынды.
«Келешекті жоба Ертісті пайдалана отырып, Қытай, Қазақстан және Ресей арасында жаңа мультимодальды транзиттік қатынасты ұйымдастыру болып табылады. Қытайға тауарлар Зайсан көліндегі теміржол көлігіне шамадан тыс жүктемемен өзен көлігімен және одан әрі Майқапшағай – Зимунай жаңа теміржол шекара өткеліне дейін жеткізілуі мүмкін. Бұл дәстүрлі Т/Ж және автотасымалдарға балама жасауға, тауар айналымының мүмкіндіктерін қосымша 3 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», - деді Серік Жұманғарин.
Ол Лю Гочжун ұсыныстарды мұқият тыңдап, көтерілген барлық мәселелерді жауапты мемлекеттік органдар мен ҚХР Мемлекеттік Кеңесіне беруге уәде бергенін атап өтті. Бұл ретте Қытай тарапының Қазақстанмен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа өте белсенді көзқарасы бар екендігі атап өтілді.