Ресей астығының контрабандасы Солтүстік Қазақстанда анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында астықтың сұр импортының бірнеше фактілері анықталды. Бұдан басқа, контрабандаға қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 1 млрд теңге сомасына импорт бойынша мәмілелер жойылды. Бұл туралы брифингте СҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Бақытжан Әбілқайыров мәлімдеді.
Спикер астықтың сұр импортының тақырыбы өңір үшін өзекті болып қала беретінін атап өтті.
«Ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазып, оған отандық мәртебе беретін адамдар тобы анықталды. Бір іс бойынша үкім шығарылып, екі қылмыстық іс сотқа жіберілді. 30 мың тоннадан астам көлемде әкелінген ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазылды. 1 млрд теңгеден астам сомаға мәмілелерді жою бойынша шаралар қабылданды», - деді Бақытжан Әбілқайыров.
Оның айтуынша, өңірде басқа да мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс тобы құрылған. Тауарлардың шығу тегін растайтын құжаттарды алу мәселесін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілді.
Департамент басшысы өңірдегі астық экспортының көлемі жылына орта есеппен 1,5 млн тоннаны құрайтынын атап өтті.