Қазақстанда бидайға экспорттық баж салығын енгізу екіталай - Жұманғарин
Дәнді дақылдарға экспорттық баж салығын енгізу мәселесі үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин Facebook желісінде жазды.
Вице-премьер бірқатар шикізат тауарларына экспорттық баждарды енгізу туралы ұсыныс бюджетті толтыруға мүдделі Қаржы министрлігі тарапынан айтылғанын атап өтті. Алайда, шешім экономикалық орындылығы мен Қазақстанның тарифтік саясат жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігін жан-жақты талдағаннан кейін ғана қабылданады. Талдау нәтижелері бизнес-қоғамдастықтың міндетті қатысуымен Ведомствоаралық комиссияда қаралатын болады.
Бұл ретте Серік Жұманғариннің өзі қазіргі уақытта бидайға экспорттық баж салығын енгізу орынды екендігіне күмән келтірді.
«Қазақстанда жыл сайын шамамен 19-21 млн тонна астық өндіріледі, оның ішінде ішкі нарық 9-10 млн тоннаны тұтынады. Яғни, жыл сайынғы өндіріс ішкі нарықтың қажеттілігінен екі есе көп. Қалған астық көлемі экспортталады. Біздің еліміз бидай экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады, оның АӨК өнімі экспортының жалпы көлеміндегі үлесі шамамен 45%-ды құрайды. Біз өндірушілердің бидайға экспорттық баж салығы енгізілген жағдайда дәстүрлі нарықтардан айырылып қалуымыз мүмкін деген алаңдаушылығын түсінеміз. Биыл біз астықтың жақсы өнімін күтеміз, былтырғы жылдан жоғары. Сонымен қатар қоймалар мен элеваторларда өткен жылдан бері шамамен 3-4 млн тонна бидай қалады. Біз бидай экспортын ұлғайтып, қалған астықты тез арада сатуға мүдделіміз», - деп атап өтті вице-премьер.
Сондай-ақ, Серік Жұманғарин жүгеріге, майлы дақылдардың күнжарасына экспорттық баж салығының орындылығына күмән келтірді – өнімнің осы түрлерінің экспортын реттеу ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының қысқаруына және өндіріс көлемінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Бизнес-қоғамдастық бастамаға қатты қарсы шығып, мұның Қазақстанның ішкі нарығындағы қордың толып кетуіне және бағаның төмендеуіне әкелетінін атап өтті. Ал бидай бағасының төмендеуі көптеген фермерлердің күйреуіне әкеледі.