Алтай-1 күздік бидайы Шығыс Қазақстан АШТС-да гектардан 53 ц өнім берді
Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы егін жинау жұмыстарын аяқтады. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлардың арқасында биыл жақсы өнім алуға мүмкіндік туды. Бұл туралы АШТС баспасөз қызметі хабарлады.
«Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында аудандастырылған біздің селекционерлер селекциялық жолмен алған Алтай-1 күздік бидайының өнімі ағымдағы жылы гектардан 53 ц, Үлбі жаздық бидайдың өнімділігі гектардан 25-27 ц құрады», - деп атап өтті станцияда.
Сонымен қатар, станция селекционерлері шығарған Алтай бидай сұрыпы жақсы өнімділікті көрсетуді жалғастыруда. АШТС-да ағымдағы жылы бидай желімшесінің жоғары мөлшері атап өтіледі, ол 32%-ға жетеді. Сатуға жоғарыда аталған сұрыптардың 3,5 мың тонна тұқымы дайындалады, деп хабарлады баспасөз қызметі.
«Соңғы жылдары облыста сұлы мен арпа сияқты жемдік дақылдарға, тары тұқымдарына, судан шөбі мен эспарцет сияқты біржылдық және көпжылдық шөптердің тұқымдары мен пішендеріне сұраныс айтарлықтай өсті. Биылғы жылы жемшөп дақылдардан жақсы өнім алынды: аудандастырылған Сұлу сұлының өнімділігі гектардан 30 ц, Ілек арпа сұрыпы бойынша гектардан 27 ц», - деп хабарлады АШТС.
Сондай-ақ, тұқымдарды сатуға дайындалуда: Аружан тарысының аудандастырылған сұрыпы, Изумруд судан шөптерінің аудандастырылған сұрыптары, Шығыс эспарцеты, Шығыс таңының және Гүлбағыс күнбағыс сұрыптары, Достық және Үміт күнбағыс будандары.
«Ағымдағы жылы тәжірибе станциясы аурулар мен зиянкестерге қарсы дәрілегішпен өңделген және сатуға дайын күнбағыс будандарының 10 мың егіс бірлігін сатуды жоспарлап отыр», - деп хабарлады АШТС.