ШҚО-да тазартылған күнбағыс майын өндіру іске қосылады
Шығыс Қазақстан облысында ALTAI MAI жаңа май экстракциялық зауытының құрылысы аяқталуда. Кәсіпорында бөтелкедегі тазартылған күнбағыс майын өндірудің толық циклі ұйымдастырылады, деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Кәсіпорынның қуаттылығы күніне 500 тонна майды құрайды. Жобаға 26 млрд теңгеден астам қаржы салынды.
АШМ мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта ШҚО-да майлы дақылдарды қайта өңдейтін 12 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың үшеуі бөтелкедегі дезодорацияланған тазартылған күнбағыс майын өндірумен айналысады. Кәсіпорындардың жүктемесі 68% құрайды.
2025 жылы өңірде құны 8 млрд теңге болатын «Алтын Шығыс» ЖШС майды тазарту цехының құрылысы жоспарланған. Цехты 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда.
Кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы күнбағыс, рапс, зығыр және соя егістік алқаптары 13 мың гектарға ұлғайтылып, 223 мың гектарды құрады. Майлы дақылдардың жалпы өнімі 67,3 мың тоннаға, 423,1 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде.
Өңірде Азық-түлік корпорациясының қатысуымен күнбағыс майын үш жақты форвардтық сатып алу бойынша пилоттық бағдарлама іске асырылуда. Бұл механизм көктемгі егіс жұмыстарын қайта өңдеушілер арқылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыруға мүмкіндік берді.
«Осы бағдарлама аясында «OskemenAgroProdukt» ЖШС Азық-түлік корпорациясы арқылы 91 мың литр (380 теңге/литр) көлемінде күнбағыс майын жеткізу үшін 34,6 млн теңге сомасына қаржыландырылды. Осы бағдарламаға қатысу үшін компания тазарту (дезодорация) цехын және құю желісін іске қосу бойынша 670 млн теңге сомасына инвестициялық жобаны іске асырады. Цехты іске қосу 2024 жылдың күзіне жоспарланған», - деп хабарлады АШМ.