Қазақстанда бидайды терең өңдеуге тапсыруды субсидиялау ұсынылды
KazFoodProducts агроөнеркәсіптік холдингінің бас директоры Әлихан Талғатбек фермерлерге бидайды терең өңдеуге тапсырған кезде субсидия төлеуді ұсынды. Бұл салаға қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сапасыз бидайды сату мәселесін де шешеді.
«Бидайды терең өңдеу зауыттарына тапсыру кезінде фермерлерге субсидия беруді ұсынамыз. Біздің есептеулеріміз бойынша, бұл салаға инвесторларды белсенді тартуға және бидайды терең өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ретте қосымша 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал, қазір ерекше маңызды болып отырған артық сапасыз бидай мәселесін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Бұл бидайды төмен бағамен сататын фермерлерге қолдау көрсетеді», - деді Әлихан Талғатбек.
Бұл ұсынысты алға тарта отырып, ол 2020 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жүгеріні терең өңдеуге жеткізу кезінде фермерлерге субсидия енгізгенін атап өтті. Соңғы төрт жылда жүгеріні терең өңдеу көлемін екі есеге ұлғайтып, бұл дақылдың өнімділігін арттыруға мүмкіндік туды. Яғни, субсидиялаудың бұл түрі жоғары экономикалық тиімділікті көрсетті.
Қазір Қазақстанда жүгері мен бидайды тереңдете өңдейтін бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді және еліміз жақында ғана импортталатын сироптар мен крахмалға деген қажеттілігін 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Бұл салада көшбасшы – KazFoodProducts компаниясы, ол жыл сайын тек терең өңдеуге 250 мың тоннадан астам астықты пайдаланады. Алынған өнімдер (ақуыз, крахмал, биоэтанол, сироптар, жем) Қазақстанда сатылып, шет елдердің, соның ішінде АҚШ, Үндістан, Еуропалық Одақ нарығына экспортталады.
«Биылғы жылы жоғары өнім жағдайында астықтың жалпы көлемін одан әрі ұлғайту оны өңдеуді арттырмай мүмкін еместігі белгілі болды. Бүгінгі таңда біз инвесторлардың Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз және қуаттылығы жылына 1,5 млн тоннаға жуық бидай өңдейтін астықты терең өңдеу бойынша кәсіпорындар салуға ниеттіміз. Мемлекет басшысының 2026 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді 70%-ға дейін ұлғайту бойынша қойған мерзімдерін ескере отырып, терең өңдеу саласын дамытуды жеделдету үшін мемлекеттік қолдау шараларын қабылдау қажет», - деп атап өтті Әлихан Талғатбек.