Қазақстандық астықты Беларусь биржасы арқылы өткізу ұсынылды
Беларусь өндірушілері Беларусь әмбебап тауар биржасы арқылы қазақстандық астық, ұн және басқа да өнімдерді сатып алуға мүдделі. Өз кезегінде қазақстандық сатып алушылар да Беларусь ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға шақырылады, деп QazTrade орталығы хабарлады.
Орталықтың ақпараты бойынша, Беларусь компаниялары қазақстандық астықты (бидай, жүгері), күнжара (жом), себуге арналған тұқымдарды, өнеркәсіптік өңдеуге арналған рапс тұқымдарын, күнбағыс майын, бидай ұнын және басқа да өнімдерді сатып алуға қызығушылық танытуда. Сондай-ақ көмір мен металл өнімдерін сатып алуға қызығушылық бар.
Өз кезегінде қазақстандық сатып алушыларға Беларусь тауар биржасы Беларусь өндірушілерінен ет-сүт өнімдерін (мұздатылған және салқындатылған сиыр еті, сары май, құрғақ сүт, құрғақ сарысу, ірімшіктер), картоп крахмалы, амин қышқылдары, бидай глютені, зығыр талшығы, үлпілдек-үлбір және былғары шикізатын (күзен терісі, «вет-блю» жартылай фабрикаты) және басқа да тауарларды сатып алуды ұсынуға дайын.
Өндірушілердің биржаға қолжетімділігін жеңілдету үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Атамекен» ҰКП және Беларусь әмбебап тауар биржасымен бірлесіп 4 наурызда Астанада «Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасы кәсіпорындарының өзара сауда үшін биржалық тетіктерді пайдалануы» семинарын өткізеді. Өндірушілерге биржалық сауда құралдарын пайдалана отырып, жаңа өткізу нарықтарына шығу мүмкіндіктері, тауарлардың аналогтарын сатып алу және сату, қазақстандық компанияларды аккредиттеу және т. б. туралы айтылады.