Қазақстан жаңа нарықтарға 625 мың тонна бидай жеткізді
Бидайды алыс және дәстүрлі емес өткізу нарықтарына өткізген Қазақстанның экспорттаушылары Азық-түлік корпорациясына 14,3 млрд теңге сомаға көліктік субсидиялар алуға 284 өтінім берді. Осы өтінімдер аясында барлығы 625,1 мың тонна астық экспортталды. Бұл туралы ElDala.kz порталына Корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда ең танымал субсидияланатын бағыт Әзірбайжан – 2024 жылғы өнімнен 275 229 тонна бидай осы елге, сондай-ақ Балтық жағалауы елдеріне 203 555 тонна экспортталды.
Қара теңіз порттары арқылы экспорт 48 815 тоннаны, Балтық теңізі (РФ) - 35 967 тоннаны құрады. Ауғанстанға субсидияланатын бағыт бойынша (Түркіменстан аумағы арқылы транзитпен) 37 032 тонна, Грузияға - 24 525 тонна экспортталды.
Субсидиялауға өтінімдерді қабылдау жүргізілуде, бірақ төлемдер әлі басталған жоқ.
«Мақұлданған өтінімдер бойынша астық тасымалдауға байланысты шығындарды арзандатуға субсидиялар төлеу жақын арада жоспарланған. Корпорация тиісті рәсімдерді іске асыру сатысында», - деп атап өтті Азық-түлік корпорациясында.
Компанияның мәліметінше, барлық төлемдерді 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жүзеге асыру жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік: астық тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу Қағидалары және астық тасымалдауға байланысты агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияның шығыстарын субсидиялау Қағидалары ағымдағы жылдың наурыз айының басында енгізілген. Субсидиялау нормативі бағытына қарай тоннасына 20 мың немесе 30 мың теңгені құрайды. Осы мақсаттарға барлығы 40 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарлануда, бұл жаңа өнім алғанға дейін қойма сыйымдылығын босатып, осы бағыттар бойынша 2 млн тонна бидайды экспорттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, нарық қатысушылары субсидияланатын бағыттар бойынша бидайды жөнелту қарқыны күткеннен төмен болғанын атап өтті.
Жағдай мен экспорттық мүмкіндіктерді ескере отырып, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауғанстанға бидай экспорты кезінде субсидиялау нормативін тоннасына 20 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін ұлғайта отырып қайта қарауда.