30 мая 2025 Астық

Астанада астық өңдеу кешенінің құрылысы басталады

Астанада дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды терең өңдеу кешенін салу бойынша инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. Жобаға инвестиция көлемі шамамен 320 млн долларды құрайды, деп СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Келісімшартқа Қазақстан СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен Kazak Protein компаниясының бас директоры Юлдыз Коксал Салих қол қойды. Жоба Tiryaki Agro түрік холдингі мен Kazakh Invest ұлттық компаниясының қолдауымен Hassad Food катарлық компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуда.

Кешен елордалық Байқоңыр ауданында салынады. Оның қуаттылығы жыл сайын 250 мың тонна бидай мен 80 мың тонна бұршақ өңдеуге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнім - бидай және бұршақ крахмалы, глютен, лизин, ГФС-55 шәрбаты, құрама жем, бұршақ ақуызының изоляты және басқа да компоненттер – ішкі нарыққа да, ТМД, ЕО, Түркия, Солтүстік Америка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспортқа да бағытталатын болады.

«Біз шикізат моделінен бас тарту міндетін көптен бері алдымызға қойып келеміз және осы келісім-шарт ірі түрік және қатарлық инвесторлардың қатысуымен Қазақстанның елеулі индустриялық бастамалар үшін тартылыс нүктесіне айналғанын растайды. Инвестициялар комитеті мен Kazakh Invest ұлттық компаниясы іске асырудың барлық кезеңдерінде – әкімшілік рәсімдерден бастап, сыртқы нарықтарға шығуға көмек көрсетуге дейін жан-жақты қолдау көрсетеді», - деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Tiryaki Agro – 55 елге ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайтын ірі түрік агрохолдингтерінің бірі. Компанияның жылдық айналымы 2,5 млрд доллардан асады, ал сату көлемі 4 млн тоннадан асады. 2019 жылы компания Fortune-500 нұсқасы бойынша Түркияның ең ірі жеке компаниялары рейтингінде 64-ші орынға ие болды.

Hassad Food – азық-түлік және агроөнеркәсіптік жобаларға маманданған Qatar Investment Authority (QIA) еншілес кәсіпорны. Кәсіпорын халықаралық деңгейдегі әртүрлі жобаларға, соның ішінде Австралия, Канада, Түркия, Оман және басқа елдердегі негізгі стратегиялық кәсіпорындарға инвестиция салды.