Қазақстанда 11,6 млн тонна астық бастырылды
15 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 7,8 млн га немесе дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың жалпы көлемінің 48,3% жиналды. Болжалды егін жинау алаңы 16 млн гектардан асады. 11,6 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, дәнді дақылдардан басқа ауыл шаруашылығы өндірушілері 293 мың тонна майлы дақылдар, 234 ц/га өнімділікте 1,2 млн тонна картоп, 288,8 ц/га өнімділікте 2,4 млн тоннадан астам көкөніс жинады.
Сонымен қатар, 357,4 ц/га өнімділікте 385 мың тоннадан астам қырыққабат, 422,7 ц/га өнімділікте 637 мың тонна пияз, 294,4 ц/га өнімділікте 187,2 мың тонна сәбіз жиналды.
«Егін жинау науқаны ұйымдастырылып, оңтайлы агротехникалық мерзімде өтуде», - деп атап өтті АШМ.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы Қазақстанда дәнді дақылдардың өнімі 21,7 млн тонна көлемінде болжануда.