09:15 Астық

Азық-түлік корпорациясы астық экспорттаушыларға 19 млрд теңгеден астам төлем жасады

Азық-түлік корпорациясы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша экспорттаушылар мен астық өндірушілерге алыс нарықтарға 828,4 мың тонна бидай жеткізгені үшін субсидия ретінде 19,1 млрд теңге төледі.

Азық-түлік корпорациясы операторының мәліметінше, оператордың атына көлік шығындарын өтеуге 553 өтінім түскен. Бидайды экспорттық жеткізудің жалпы көлемі 28,2 млрд теңгеге 1,2 млн тоннаны құрады.

Экспорттаушыларды қаржыландыру бюджет қаражатының түсуіне қарай жүргізіледі. Шығындарды ішінара өтеу Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттарына, Латвия, Литва, Эстонияға транзиттік бағыттар бойынша бидайды тасымалдау үшін беріледі. Сондай-ақ, астықты Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында транзитпен жөнелтетін жеткізушілер үшін мемлекеттік қолдау көзделген.

Өтемақы мөлшері экспорт бағытына байланысты бір тонна астық үшін 20-дан 30 мың теңгеге дейін құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда бидайды алыс нарықтарға тасымалдағаны үшін субсидия төлеу Ережесі 2024 жылы астықтың рекордтық өнімін алғаннан кейін енгізілді. Ағымдағы жылы ережені 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.