Әлемдегі ең ірі бидай сатып алушы Agricom-ға келді
Биыл Астанада өткен Agricom 2025 дәстүрлі халықаралық конференциясына 24 мемлекеттің өкілдері қатысты, бұл әдеттегіден екі есе көп. Қазақстандық астыққа әлемде қызығушылықтың кеңеюі 2024 жылы алыс нарықтарға бидай экспортына мемлекеттік субсидиялардың енгізілуімен байланысты. Осының арқасында қазақстандық астық Оңтүстік-Шығыс Азия және Солтүстік Африка сияқты өңірлерде сатып алушыларға қолжетімді болды. Конференцияға қатысушылардың қатарында Египет Араб Республикасының Mostakbal Misr мемлекеттік компаниясының өкілі Юсрия Юси Хасан ханым болды.
Mostakbal Misr - әлемдік нарықтағы бидайдың ең ірі сатып алушысы болып табылатын Египеттің мемлекеттік агенттігі. Mostakbal Misr бидайын бір маусымда 8-10 млн тоннаға дейін ауқымды сатып алу әлемдік бағалар динамикасына және биржалық баға белгілеулеріне әсер етеді.
2024 жылдан бастап Mostakbal Misr үкіметтің шешімі бойынша халықаралық тендерлер арқылы сатып алулар жүргізіп келеді, сонымен қатар компания басқа танымал Египет компаниясы - GASC-тің бұрынғы қызметін де атқаруда.
Юсрия Юси Хасан Agricom аудиториясын Mostakbal Misr өткізетін бидай импортына арналған мемлекеттік тендерлердің негізгі қағидаттарымен, 2025/26 МЖ-ға арналған басымдықтар мен жоспарлармен қысқаша таныстырды. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Египет арасындағы астық саудасы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның үкіметі ағымдағы аграрлық маусымға көлік субсидияларының қолданылуын 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл Қазақстанның алыс нарықтардағы қатысуын сақтауға мүмкіндік береді. Қазір нарық қатысушылары үкіметтің шығындарды жабуға бөлінетін соманы жариялауын күтуде. Бұл елдегі өнім көлеміне байланысты болады.
Қазақстанның Астық одағының деректері бойынша, 2024/25 маркетингтік жыл ішінде Қазақстан 7,6 млн тоннадан астам бидай экспорттады - бұл ел үшін рекордтық көрсеткіш. Астық дәстүрлі нарықтарға ғана емес, Бельгия, Португалия, Норвегия, Нидерланды, Ұлыбритания, Вьетнам, Египет, Марокко, Алжирге де жеткізілді. Ағымдағы жылы шамамен 6 млн тонна бидай экспорты болжануда.