09:15 Астық

Қазақстан Арменияға ай сайын 20 мың тоннаға дейін астық жеткізуге дайын

Арменияға мың тонна қазақстандық бидаймен алғашқы құрам келді. 15 вагоннан тұратын пойыз Қазақстаннан Ресей, Әзірбайжан және Грузия арқылы транзитпен жаңа логистикалық бағытты сәтті сынады. Болашақта бұл транзиттік дәліз Ереван бағытында қазақстандық астық пен басқа да жүктерді жеткізудің тұрақты арнасына айналуы мүмкін. Бұл туралы Азық-түлік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Азық-түлік корпорациясының басқарушы директоры Тобылбек Омаров Қазақстанның ұлттық астық операторы армян тұтынушыларына ай сайын шамамен 15-20 мың тонна астық жеткізуге дайын екенін атап өтті.

«Бұл оқиға тек экономикалық қана емес, сонымен қатар тарихи маңызы бар, өйткені ол тікелей транзит пен өзара сауданы дамытуға мүмкіндіктер ашады. Қазақстандық астық экспорты арқылы біз ынтымақтастықтың жаңа көпірлерін құрып, тату көршілік қатынастарды қалпына келтіруге, сондай-ақ өңір елдері арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеміз», - деп атап өтті ол.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айында Қазақстанның ұлттық астық операторы армян тұтынушыларына астық жеткізуді көздейтін ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы шарт жасасқан болатын. Пилоттық партия 4-сыныпты азықтық бидайдан тұрады, оны жалпы мақсаттағы ұн мен құрама жем өндіру үшін де қолдануға болады.

«Бұл ретте Қазақстан қатты бидайды (дурум) және ақуызы жоғары бидайды (hi-pro) қоса алғанда, әртүрлі сыныптағы астықты экспорттауға мүмкіндігі бар. Қазақстандық бидай дәстүрлі түрде сапасы мен тамаша пісіру қасиеттері үшін бағаланады. Көптеген серіктес елдерде оны ұнтақтау партияларын жақсартушы ретінде пайдалану сирек емес, бұл астықты шетелдік өңдеушілерге сұранысқа ие етеді және әлемдік нарықта бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Астық экспортын қолдаудың мемлекеттік шаралары өзара тиімді шарттармен жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Азық-түлік корпорациясында.

Қазір ұлттық астық операторы қазақстандық бидайды тұрақты жеткізуге мүдделі жаңа армян серіктестерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Болашақта Ереван бағытында астық жөнелту көлемі ұлғаюы мүмкін.

Биылғы жылы Азық-түлік корпорациясы қазақстандық бидайды Орталық Азия, Күнгей Кавказ (Әзірбайжан, Грузия), Таяу Шығыс (Иран), Солтүстік Африка (Алжир, Марокко) және Оңтүстік-Шығыс Азия (Вьетнам) елдеріне, сондай-ақ Қытайға белсенді экспорттайды.