Қазақстан Жапонияға глютен экспортын бастады
Қазақстан Жапония нарығына бидайды терең өңдеу өнімдерін жеткізуді бастады. Қазақстандық бидай глютенін алғашқы жөнелту 2025 жылдың желтоқсанында жүзеге асырылды. Бұл туралы KazFoodProducts компаниясынан хабарлады.
Компания Жапонияға жылына 2 мың тоннадан астам өнім экспорттауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, 2026 жылы қазақстандық бидайды терең өңдеу өнімдері алғаш рет Сауд Арабиясына жеткізілді. Осылайша, бүгінгі таңда қазақстандық астықтың өңделген өнімі әлемнің 34 еліне экспортталады, бұл халықаралық нарықтарда орта және жоғары қайта бөлу өнімдеріне деген қызығушылықтың тұрақты өсуін көрсетеді.
Бұл өнімнің экспортын BioOperations (KazFoodProducts тобының құрамына кіреді) – Қазақстанда бидай глютені мен бидай крахмалын өндіретін жалғыз кәсіпорын, сондай-ақ ТМД елдеріндегі биоэтанолдың жалғыз өндірушісі жүзеге асырады. Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін зауыттың өндірістік қуаты жылына 340 мың тоннадан асады. Кәсіпорын өнімдері Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Америка елдеріне жеткізіледі. Экспорттың негізгі бағыттарының қатарына Үндістан, АҚШ, Колумбия, Қытай, Түркия, Норвегия, ТМД және Еуропалық Одақ елдері, сондай-ақ араб әлемінің бірқатар мемлекеттері жатады.
BioOperations зауытының бас директоры Евгений Келин экспорттық географияны кеңейту жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
«Қазақстандық өнімге қатысты шектеулерді қоса алғанда, АҚШ-қа импорттық баждардың өсуі жағдайында біз экспорттық ағындарды баламалы бағыттарға жедел қайта бағыттауға мәжбүр болдық. Нәтижесінде, 2025 жылдың желтоқсанында кәсіпорын бидай глютенін Жапонияға жөнелтуді бастады. Компания кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығы мен агробизнесті дамыту жөніндегі бағдарламалары, сондай-ақ біздің команданың жүйелі жұмысы шеңберінде экспорт географиясын дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Компанияның алдағы жоспарында — қазақстандық бидайды терең өңдеу өнімдеріне тұрақты қызығушылық байқалатын Израиль мен Мексика нарықтарына шығу», – деді ол.
Сонымен қатар, компания қазіргі уақытта биоотын саласында пайдалану үшін Қытайға биоэтанол жеткізу туралы келіссөздер жүргізуде.
«Айта кету керек, негізгі өнімді өндіру үшін қазақстандық бидай пайдаланылады, ал қайта өңдеудің жанама өнімдері биоэтанолды одан әрі өндіруге бағытталады, бұл шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді және саланың тұрақты дамуына ықпал етеді», - деп атап өтті компанияда.