Қазақстанда астық қоры 3,5 млн тоннаны құрайды
Қазақстанда 1 тамыздағы жағдай бойынша дәнді және бұршақты дақылдардың қоры 3 451 387 тонна көлемінде болды. Оның ішінде 2,9 млн тоннасы - азық-түлік астығы, 83 мың тоннасы - тұқым, 463,2 мың тонна – мал жеміне арналған астық. Аталған мәліметті Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Жиналған жалпы астық көлемінен бидай қоры - 2,8 млн тонна, жүгері - 28,2 мың тонна, күріш - 53,3 мың тонна, арпа - 427,3 мың тонна, қара бидай - 17,8 мың тонна, сұлы - 36,4 мың тонна, қарақұмық - 8,3 мың тонна, тары - 6 мың тонна, масақ қоспасы - 14,6 мың тоннаны құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала жасаған болжамына сәйкес, ағымдағы жылы ҚР-да дәнді дақылдардың жалпы мөлшері 15,3 млн тонна деңгейінде (2020 жылы 20 млн 113,7 мың тонна жиналды), оның 10,5 млн тоннасын бидай құрайды.
Қазақстан астық одағы сарапшыларының бағалауынша, бидай жинау үстіміздегі жылы - 11 млн 900 мың. тонна, ал соңғы өлшеуден кейінгі салмағы - 10 млн 950 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млн тоннаға аз.