СҚО-да тұқым өндіретін зауыт салынуда
«Атамекен агро» компаниясы Солтүстік Қазақстан облысы Корнеевка ауылында ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын шығаратын зауыттың құрылысына 750 млн теңге салады. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.
«Атамекен агро» ЖШС перспективалық және маңызды бағытқа 750 млн теңге инвестиция салады. Жаңа кәсіпорын озық технологиялар есебінен тұқым қорын айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ аграрийлерді жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп жазды СҚО басшысы Facebook-те.
Ол жоғары сапалы тұқым алу - үлкен күш-жігерді қажет ететін қажырлы жұмыс екенін атап өтті.
Тақырыпқа байланысты оқу: Азық-түлік корпорациясы фермерлерге тұқым сатып алуға қаржы бөледі
Әкімдіктің мәліметінше, жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығына 92 млрд теңге инвестиция салында. Аграршылар жалпы құны 51 млрд теңгені құрайтын 1,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Биыл білікті кадрларды даярлау үшін ауыл шаруашылығы саласында мамандар даярлайтын бес ауылдық колледжді жаңартуға 1,4 млрд теңге бағытталды. Оқу орындары заманауи комбайндар мен тракторлар сатып алды.
«Қизатов атындағы Жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде студенттер енді жаңа John Deere комбайны мен тракторларда тәжірибе жинақтайтын болады. Олар 1992 жылы шыққан «Енисей» комбайндарының орнына келді. Сондай-ақ модульді мал сою цехы ашылып, сымсыз WI-FI метеостанциясы орнатылды, шағын сүт зауыты іске қосылады», - деп атап өтті Құмар Ақсақалов.