Қазақстан бидай экспортына шектеу енгізбейді
Қазақстанда ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету және экспорттық келісімшарттарды жабу үшін бидай мен ұнның жеткілікті көлемі бар. Қазіргі уақытта әкетуге шектеулер енгізу жоспарланбайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
Қазақстандағы бидай қоры бүгінде 7,4 млн тоннаны құрайды, оның 6 млн тоннасы – азық-түліктік бидай. Сонымен қатар, 144 мың тонна ұн бар, министрдің айтуынша, бұл көлем ішкі тұтыну үшін шамамен 300 күнге жетеді.
"Біз кез келген жылдары бидай, ұн және макарон өнімдерімен қамтамасыз етіп келеміз. 6 млн тонна бар, бұл тек ішкі қажеттілік үшін ғана емес, біз де экспорттық нарықтарымызға астық экспорты бойынша өзіміздің барлық келісімшарттық міндеттемелерімізді жеткізіп, орындайтын боламыз", - деп мәлімдеді Ербол Қарашөкеев.
Ол Қазақстанда астық және басқа да азық-түлік өнімдерімен жағдай толығымен тұрақты екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей ЕАЭО елдеріне, соның ішінде Қазақстанға бидай экспорттауға тыйым салды. Осыдан кейін Қазақстанда бидай бағасы жоғары көтеріліп, тоннасы 122 мың теңгеден 128-130 мың теңгеге дейін өсті. Ұн тартушылар ҚР-ға астық экспортына баж салығын енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.