ШКО-да жаппай мал қырылу себебі анықталды
Шығыс Қазақстан облысында малдың жаппай қырылуының себебі пастереллез ауруы екендігі анықталды. Бұл туралы YK-news.kz хабарлады.
Ауылшаруашылық мал өлімінің алғашқы оқиғалары Үржар ауданының Көктал ауылдық округінде 12 сәуірде тіркелген еді. 20 сәуірде бұл жерге арнайы комиссия келген болатын.
Шығыс Қазақстан облысының ветеринарлық медицина департаменті хабарлағандай, 1 мамырдағы зерттеу бойынша мал өлімнің себебі пастереллез (зоонозды жұқпалы ауру) екендігі анықталды.
«Қазіргі уақытта індеттің таралу ошағы болып табылатын Көктал ауылында карантин белгіленген. Пастереллезге қарсы емдеу сауықтыру шаралары да жүргізілуде», — деді ветеринария департаменті.
Соңғы мәліметтер бойынша, 309 ірі қара мал аталған індетті жұқтырған.
Еске салсақ, әкім Даниал Ахметов ауыл тұрғындарына малдың қырылуынан келген шығындар тұрғындарға өтеледі деп айтқан еді.