Қазақстан Қытайға балық өнімдерінің экспортын ұлғайтады
Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорттық нарықты кеңейту мақсатында ҚХР тізіліміне 64 қазақстандық кәсіпорын енгізілді. Ветеринариялық сертификат та келісілді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҚР-да 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және балық өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау құқығына ие. Бұл ретте, қосымша тағы 14 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді.
Тақырып бойынша оқу: Қазақстанда балық өсіру шаруашылықтарына ветеринариялық тексеру жүргізілді
Экология министрлігінің басшысы өндірілетін және өсірілетін балықты терең өңдеу және қосылған құны жоғары балық өнімдерін шығару үшін жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өткен жылы өңдеуге 35 мың тонна шикі балық жіберілді, нәтижесінде 29 мың тонна балық өнімдері алынды.
Ведомствоның мәліметінше, негізгі үлесті салқындатылған және мұздатылған балық өнімдері – 21,6 мың тонна (76%), балық филесі – 4,2 мың тонна (14,8%), сондай - ақ ысталған, тұздалған, тартылған ет және басқалары – 1,5 мың тонна (5,6%), балық ұны-1 мың тонна (3,6%) құрайды.