СҚО-да жеке сыр өндірісі жеткіліксіз
Солтүстік Қазақстандағы дүкен сөрелерінде отандық ірімшіктер жеткіліксіз. Бұл жерде өнімнің ассортименті мен сапасы туралы айтылып отыр, дүкен сөрелері шетелдік тауарларға толып тұр. Бұл туралы «Хабар» агенттігі хабарлады.
Петропавлдағы ірі супермаркеттердің біріндегі сөрелерде негізінен шетелдік өндірушілердің ірімшіктерін таба аласыз. Ресейлік, белорустық және украиндік ірімшіктердің ішінде қазақстандықтардың өнімі шамамен 5%-ды ғана алады.
«Отандық ірімшік өндірушілер үшін біз барлық жағдайды жасауға тырысамыз, ірімшікті дұрыс сақтау, тоңазытқышқа қою, өндірушілерді тегін орындармен қамтамасыз ету, алдын-ала төлем жасау сияқты қызметтерімізді ұсынамыз. Бірақ, өкінішке орай, Петропавл қаласының нарығында отандық ірімшік жеткілікті мөлшерде жоқ. Сондықтанда тұтынушыларымызға жергілікті өнімдерді ұсына алмаймыз», - деді супермаркеттің коммерциялық директоры Марина Лисяная.
Ірімшік шығару - ұзақ процесс. Аталған өнім бабына келу үшін шамамен алты ай тұруы керек. Кәсіпорындар ұзақ мерзімді өндіріске үлкен қаржы салғылары келмейді. Сондықтанда дүкен сөрелерінде отандық өнім емес импорттық азықтар толып тұр.
«Біздің аймақта сүтке деген қажеттілік толықтай қамтамасыз етіледі. Бірақ, ірімшікке деген қажеттілікті жаба алмай отырмыз. Жергілікті өндіріс сұраныстың тек 34% -ын қамтамасыз етеді. Негізінен ірімшік импорт ретінде сырттан әкелінеді», - деді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерболат Бексенов.
Облыста отандық сауда таңбасымен шамамен 1 мың тонна ірімшік өндіріледі, сұраныс 2750 тонна. Сүтті қайта өңдейтін барлық кәсіпорындардың тек алтауында ғана ірімшік өндірісі бар.
Аймақта енді ғана өзіндік жеке ірімшік өндірісінің желілері ашылуда.
«Биыл біз ірімшік шығаратын жаңа сүт өңдеу цехын салуды жоспарлаған болатынбыз. Яғни сулугуни, моцарелла, фета ірімшігі, жұмсақ ірімшіктер шығаруды ойластырған едік. Алайда, Қазақстандағы қазіргі короновирус жағдайына байланысты бұл іс кейінге қалдырылды... Біздің өнімдеріміз барлық жерде сатылады, өйткені әрдайым сұранысқа ие», - деді сүт зауытының директоры Георгий Целых.