Түркістан облысында жайылымдардың жасанды тапшылығы анықталды
Түркістан облысының прокуратурасымен 174 ауыл әкімі жайылымдарға қажеттілікті қалыптастыру үшін пайдаланылған статистика деректерін тіркегені және бұрмалағаны үшін 5 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ElDala.kz облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Әкімдер ауылда сүт және ет өндіру бойынша көрсеткіштерді "жақсарту" мақсатында жеке сектордың статистикалық есептерінде шаруа қожалықтарының жануарлар санын әдейі қосып жазған. Кейіннен бұл дұрыс емес есептілікті аудан әкімдіктері жайылымдарды басқару жоспарларын қалыптастыру және бекіту кезінде пайдаланды", - деп хабарлады прокуратура.
Бүгінгі күні аталған статистика прокурорлармен ретке келтірілгені атап өтілді. Облыс бойынша жалпы жайылымдардың нақты қажеттілігі 3 есеге, яғни 2,1 млн гектардан 652 мың гектарға дейін төмендеді.
Бұдан басқа, прокурорлардың актілері бойынша өңір әкімдіктері бұрын бекітілген барлық ұқсас жоспарларды қайта қарау бойынша жұмысты бастады.
"Мұндай бұзушылықтарды болдырмау мақсатында бұдан былай Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мал шаруашылығы саласындағы қолда бар бағдарламалық қамтамасыз етуді интеграциялау туралы бірқатар ұсыныстар жолданды", - деп атап өтті прокуратура.