Қазақстан жыл соңына дейін Германиядан 5 мың бас голштин тұқымды ірі қара әкеледі
Қазақстан жыл соңына дейін Германиядан голштин-фриз тұқымды 5 мың бас ірі қара мал импорттауды жоспарлап отыр. Мал сатып алуға шамамен 6 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мал шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин мен Германия Ауыл шаруашылығы министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартин Энгльхардт-Копфтың кездесуінде талқыланды. Сүтті мал шаруашылығындағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – KFM жобасы. Оның аясында 400-ден астам маман оқытылып, біліктілігін арттырды. Сондай-ақ сүт өндірушілерге арналған консультациялық қызметтер мен оқыту орталығы құрылды.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын жасау, тұқым шаруашылығы және басқа да салаларда бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 23%-ға артқан. Ал қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 38%-ға өскен. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында екіжақты тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 11,6%-ға ұлғайды.
Ынтымақтастықты одан әрі дамытуға 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогы да ықпал етеді. Астанада өткен кезекті отырыста осы уақыт ішінде аталған алаң тәжірибе алмасудың, салалық саясаттың өзекті мәселелерін талқылаудың және практикалық шешімдер әзірлеудің тиімді тетігіне айналғаны атап өтілді.
«2026 жылғы қыркүйекте аграрлық-саяси диалогтың алтыншы кезеңі басталды. Ол өңірлік өзара іс-қимылды кеңейтуді және Орталық Азиядағы аграрлық саясат саласындағы сарапшылық ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Алтыншы кезеңнің басталуы ынтымақтастықты тереңдетуге және сарапшылық тәжірибе алмасудан нақты бастамаларды іске асыруға көшуге жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді отырыста Таласбек Қанафин.
Алдағы жұмыстың басым бағыттары қатарында аграрлық саясат пен саланы қолдау тетіктерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, инновациялық және ресурсты үнемдейтін технологияларды енгізу, қосылған құнның тұрақты тізбектерін қалыптастыру, сондай-ақ ғылыми және білім беру байланыстарын нығайту бар.
Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогын одан әрі дамыту озық ауыл шаруашылығы технологияларын енгізуге және аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді, бұл Қазақстан мен Германияның агроөнеркәсіптік кешендерін тұрақты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды деп күтілуде.