10 июля 2020 Мал шаруашылығы

Дүниежүзілік банктің несиесі негізінен отбасылық фермаларды қаржыландыруға жұмсалатын болады-АШМ

ҚР АШМ мал шаруашылығы департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов ОКҚ-да өткен брифингте Дүниежүзілік банк $500 млн көлеміндегі несиені мал шаруашылығын дамыту үшін беретіні туралы айтты.

«Өткен жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік банк мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жасады. Ағымдағы жылдың 2 маусымында Дүниежүзілік банктің  директорлар кеңесі мал шаруашылығын дамытуға қатысты жобаны мақұлдады. Аталған бағдарлама бойынша банктен берілетін қаражат Қазақстандағы фермерлік шаруашылықты дамытуға жұмсалатын болады. Негізгі қаражат ауылдағы жұмыспен қамту мәселесін шешеді, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыратын болады. Ішкі нарыққа және экспортқа шығару үшін отбасылық фермаларды несиелендіруге бөлінеді», - деп түсініктеме берді спикер.

Ол бағдарламаның талаптары талқыланатынын айтты. Қазақстан Республикасында алғаш рет нәтижеге бағытталған бағдарламаның тетігі қолданылады, яғни белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткізілгенде ғана қаражат бөлінеді.

«Жалпы, осы бағдарлама аясында біз фермерлік шаруашылықтардың мамандарын оқытуды қамтуды жоспарлап отырмыз, сонымен бірге мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын қамтамасыз ету үшін бақылау жүйесін құру қарастырылатын болады», - деді Еркебұлан Ахметов.