Үкімет мал өсірушілерге субсидиялауға 30 млрд теңге бөлді
ҚР Үкіметі резервтен мал шаруашылығы саласын қолдауға 30 млрд теңге бөлді. Қаражат мал өсірушілер алдындағы субсидиялар бойынша берешекті жабуға бағытталатын болады. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Құжатқа сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Абай, Жетісу, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджеттеріне аудару үшін 30 млрд теңге бөлінді. Қаражат асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде бағытталатын болады.
Ең көп – 7,8 млрд теңге – Ақмола облысының әкімдігіне бөлінді, 5 млрд теңге Жамбыл облысына, 4,5 млрд теңге – ШҚО-ға, БҚО мал өсірушілері үшін 1 млрд теңге бөлінді.
Жалпы ағымдағы жылы агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға Үкімет барлық көздерден 494 млрд теңге бөлді. Жақын арада инвестициялық субсидиялауға және кредиттер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарлануда.