Қазақстанда ветеринарлық қызметкерлер күні болады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кәсіптік мерекелер тізбесін бекіту туралы» бұйрыққа толықтырулар дайындап, оған сегіз жаңа мереке енгізді.
Атап айтқанда, 10 шілдеде атап өтілетін Ветеринарлық қызметкер күнін белгілеу жоспарлануда.
Бұдан басқа, тізбеге: Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлер күні (7 сәуір), Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қызметкерлер күні (16 сәуір), Метрология қызметкері күні (20 мамыр), Аңшылық шаруашылығы қызметкерлерінің күні (қыркүйектің бірінші сенбісі), ҚР жоғары білім беру қызметкерлерінің күні (1 қазан), Стандарттау қызметкерлерінің күні (14 қазан), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні (18 қараша).
Қазақстанда «Ветеринария туралы» бірінші заң 10 шілдеде қабылданды, сондықтан бұл күні Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлардың кәсіби мерекесін атап өтуді ұсынды. Бұған дейін АШМ Қазақстанда малшылар күні, орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні, ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні, балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні сияқты кәсіби мерекелер бар екенін, бірақ ветеринария қызметкерлерінің күні жоқ екенін атап өткен болатын.
«Бұл кәсіби мерекені тізбеге енгізу кәсіби қоғамдастықтың бірыңғай саласына жататындығын сезінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ корпоративтік мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал етеді. Мерекені бекіту ел экономикасындағы ветеринарияның стратегиялық маңыздылығын мойындауға түрткі болады», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінде.