АШҚҚҚ 2020 жылы СҚО фермерлеріне 2,6 млрд теңгеге несие береді
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры (ҚазАгро-ның еншілес ұйымы) 2020 жылы «Еңбек» жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының фермерлеріне 2,6 млрд теңгеге несие береді. Бұл туралы ҚазАгро баспасөз қызметі хабарлады.
«Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша филиал арқылы 2,6 млрд теңге беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 356 жоба 1,3 млрд теңгеге қаржыландырылды. Жалпы жыл соңына дейін 563 солтүстік қазақстандық жеңілдетілген несие алады»,-деді Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Абылай Нұркенов.
ҚазАгро мекемесі хабарлағандай, Солтүстік Қазақстан-мал шаруашылығын дамыту үшін өте қолайлы аймақ болып саналады. Жайылымдық жерлер, қоректік жем, табиғи су көздері орналасқан өлке. Сондықтан СҚО-да ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тұтынушыларының көбі мал шаруашылығын дамытуға несие алады.
Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Кеңес Кукиев 2014 жылы және 2019 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламаларына қатысып, АШҚҚҚ облыстық филиалынан несие алды.
Бүгінде оның шаруашылығында 30 сауын бие бар, фермер қымыз өндірумен және сатумен айналысады, үш ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етеді.
«Ауылдық жерде мал ұстау өте қажет деп санаймын. Ия, бұл оңай жұмыс емес, бірақ табыс тек қиындықпен келеді. Жылқыларды ұстаудың өзіндік қыр-сыры бар, алайды жұмыс жасасаңыз, жақсы нәтиже болады. Мен «ҚазАгро» арқылы екі рет несие алып, мал басын көбейтіп, сауын биелерді ұстап отырмын. Қымызды сатамыз, жақсы табыс табудамыз», - деді фермер.
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қор ауыл, қала тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу, басқа да бағыттарды дамыту саласындағы жобаларды іске асыру үшін жеңілдікпен несие береді.
12 млн теңгеге дейінгі көлемдегі қарыздар 6,5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6% ставка бойынша беріледі, тиімді мөлшерлеме жылдық 6,7% - дан аспайды. Сонымен қатар, көп балалы немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан қарыз алушылар жылдық 4% ставка бойынша қарыз ала алады, олар үшін тиімді мөлшерлеме жылдық 4,7% - дан аспайды. Сондай – ақ, бір жыл ішінде негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікпен төлеу кезеңі қарастырылған.