Абай облысында ет консерві зауыты 2024 жылы іске қосылады
Абай облысында 2024 жылы қуаттылығы жылына 600 тонна дайын өнім шығаратын «Ықылас Инвест» ЖШС ет консерві зауытын ашу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұдан басқа, Семей аумағында жылдық қуаты 12 600 тонна «Евразия Агро Семей» ЖШС ет комбинатын салу жоспарлануда. Жобаға сәйкес, кәсіпорын 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Бүгінгі таңда Абай облысында шұжық өнімдерін шығаратын үш цех жұмыс істейді. Бородулиха ауданындағы «Е. Зайтенов» шаруа қожалығы (жылына 375 тонна өнім) және Семейдегі «Қалиқанұлы» (жылына 100 тонна өнім) өздері өндіретін шикізатты өңдейді. Ал «Арай-EAST FOOD» компаниясы (жылына 3650 тонна өнім) Моңғолиядан шикізат сатып алады.
Әкімнің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 11,3 мың тонна сиыр еті, 6 мың тонна құс еті, 16 млн дана тауық жұмыртқасы, 27,9 мың тонна ұн, 3 мың тонна нан және 922 тонна макарон өнімдері өндірілген.