Қазақстан Франциядағы Мал шаруашылығы саммитіне қатысады
33-ші Мал шаруашылығы саммиті осы жылдың 1-4 қазаны аралығында Францияның Клермон-Ферран қаласында өтеді. Өткен аптада шараға дайындық Францияның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік егемендігі министрлігінде Франциядан және басқа елдерден мыңнан астам өкілдің қатысуымен талқыланды. Сондай-ақ, Қазақстан саммитке құрметті қонақ-ел ретінде қатысуды жоспарлап отыр, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ауыл шаруашылығы Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты еліміздің Мал шаруашылығы саммитіне қатысуы озық әзірлемелермен танысу, жетекші компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жаңа байланыстар орнату үшін бірегей мүмкіндік болып табылады.
Қазақстанды құрметті қонақ-ел ретінде таныстыра отырып, елші ауыл шаруашылығы саласын дамытудың елеулі әлеуеті және ҚР Үкіметінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту және отандық экспортты әртараптандыру жөніндегі мақсаттары туралы айтып берді.
Lactalis, Danone және Soufflet сияқты бірқатар ірі француз компаниялары қазақстандық нарықта бұрыннан табысты жұмыс істеп келеді.
Өз кезегінде Мал шаруашылығы саммитінің президенті Жак Шазале аумағы Франциядан бес есе үлкен жайылымдық жері бар «Орталық Азия алыбының» биылғы көрмесіне қатысу мал шаруашылығы, техника және ноу-хау салаларында іскерлік байланыстар орнатуда үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
33-ші Мал шаруашылығы саммитіне 120 мыңнан астам адам келеді деп күтілуде. Биылғы конференциялар мен семинарлардың негізгі тақырыбы жайылымдық мал шаруашылығын жүргізуге климаттық сын-қатерлерді талқылау болмақ. Көрме павильондарының жалпы ауданы шамамен 97 мың шаршы метрді құрайды.