Азық-түлік корпорациясы жем-шөп қорын құруды жоспарлап отыр
Азық-түлік келісім шарт корпорациясы елдегі нарықты жеммен қамтамасыз ету үшін жем-шөп қорын құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған 2021 - 2030 жылдарға арналған Азық-түлік келісім шарт корпорациясының даму стратегиясында көрсетілді.
Малға қажетті жем қорының көлемі нарықтағы өтінімдерге байланысты анықталады.
Азық-түлік келісім шарт корпорациясы азық қорын жасау үшін алдын ала сатып алу арқылы арпа және жемшөп дақылдарының өндірісін ынталандырады, сонымен қатар нарықтық бағаның ең төменгі кезеңінде күзде қажетті көлемді сатып алады, деп жазылған құжатта.
Аталған стратегияға сәйкес, бұл астық құстар мен мал өсіретін шаруашылықтарға жаңа егін жиналғанға дейін маусым бойына белгіленген бағамен берілетін болады. Жемшөп астығын сатудан түскен қаражат жемшөп қорын одан әрі қолдауға жұмсалады.
«Құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарын сапалы жеммен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік келісім шарт корпорациясы алдын-ала сатып алу арқылы аралас жем шығаратын отандық қайта өңдеу зауыттарын қаржыландырады және оларды жемге арналған астықпен қамтамасыз етеді», - деп көрсетілген құжатта.
Бұл шаралар Қазақстанда құс және мал шаруашылығы фермаларының ұзақ мерзімді астықты сақтау үшін өз резервуарлары болмаған жағдайда, астық маусымынан тыс уақытта жем бағасының қатты құбылмалылы кезінде туындайтын мәселелерді шешеді деп күтілуде. Азық-түлік келісім шарт корпорациясының жемшөп қорын қалыптастыру құс және мал шаруашылығы фермаларына жемді тиімді бағамен тұрақты сатып алуына мүмкіндік береді.
Азық-түлік келісім шарт корпорациясының мұндай бағасы агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне өз бизнестерін болжауға және дайын өнім бағасын тұрақтандыруға жағдай жасайды. Бұдан басқа, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы отандық жем зауыттарын құрама жем өндірісімен үздіксіз қамтамасыз ететін болады. Бұл жағдай негізінде құс пен малдың жақсы азықтануына және мал басының тұрақты түрде өсуіне ықпал етеді.