24 декабря 2024 Мал шаруашылығы

Прокуратура аусыл ауруының жаппай жасырылуын растады

Бас прокуратура 2022 жылы Қазақстанның үш өңірінде аусыл ауруының фактілерін растады; бұл деректер ресми түрде жасырылды. Прокурорлық тексеру нәтижесінде мыңдаған жұқтырған мал басы анықталды, бірақ аурудың ауқымын нақты анықтау мүмкін болмады. Өңірлерде аса қауіпті аурулардың өршуін жасыру туралы бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында Бас прокуратураның аға прокуроры Бауыржан Мұқашев мәлімдеді.

«Бас прокуратура Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін тексерді. 2022 жылы Ақмола облысында 14 мың бас ІҚМ аусыл ауруымен ауырған. Мұндай фактілер үш облыста бар», - деді Бауыржан Мұқашев.

Ол үш жыл ішінде Қазақстанда аса қауіпті аурулардың 900-ден астам ошағы ресми тіркелгенін атап өтті. Атап айтқанда, 2023 жылы ғана сібір жарасы төрт өңірде – Ақмола, Жамбыл, Түркістан және Қарағанды облыстарында анықталды. Нәтижесінде 100 бас мал құлап, 37 адам жұқтырды, олардың бірі қайтыс болды. Ағымдағы жылы Қостанай, Алматы және Жамбыл облыстарында сібір жарасы аурулары тіркелді.

«Бұл тек ресми деректер. Бірақ көп нәрсе жасырылады», - деп атап өтті прокурор.

Сондай-ақ мал басы мен жүргізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар бойынша жалған статистика анықталды. Прокурорлық тексеру нәтижесінде 3 миллионға жуық есепке алынбаған мал табылды.

«Соның салдарынан бюджеттік жоспарлау қате жүргізіліп, вакцинация мен диагностикалық статистика туралы қосып жазылған мәлімет беріледі. Мұндай 30 мың жалған акт анықталды», - деді Бауыржан Мұқашев.

Айта кетейік, прокурор мәлімдеген кезеңде фермерлер аусылдың жаппай ауруы туралы дабыл қақты, бірақ ветеринарлық қызметтер мұны мойындаудан бас тартты. Содан кейін фермерлер арасында мал «аусылдан емес» өледі деген қайғылы әзіл пайда болды.