Зеренді ауданында ет кластерін дамытуға 450 млн теңге бөлінеді
Ақмола облысының Зеренді ауданында етті мал шаруашылығы кластері құрылады, оның орталығы «MB4» ЖШС ет комбинаты болады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мал шаруашылығын дамыту үшін ауыл тұрғындары «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдікті несие ала алады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне несиелеудің бірегей шарттарын ұсынады: жеті жылға 2,5%. Дегенмен, бұл мемлекеттің сыйы емес екенін түсіну керек. Әрбір жұмсалған сома бақылауда болады. Зеренді ауданындағы ет кластерін дамытуға шамамен 450 млн теңге бөліп жатырмыз, бұл қаражат барлық тұрғындардың игілігіне жұмыс істеуі керек. Біздің міндетіміз – сіздерге ветеринарлық қолдау, жемшөп, логистика мен сауданы жолға қоюға көмектесу», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аудан тұрғындарымен кездесуінде.
Аймақ басшысы аудан әкімі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығына жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, Айдабол ауылдық округінің барлық тұрғындары өзгерістерді сезінуі керек. Жергілікті бюджетке қосымша салық түсімдері маңызды мәселелерді жергілікті жерде шешуге мүмкіндік береді.
«MB4» ЖШС басшысы Азамат Шалмағанбетов ет комбинатының қуаттылығы әзірге тек жартысы ғана жүктелгенін атап өтті. Кәсіпорын сапалы жергілікті шикізатқа мүдделі және мал өсірушілерді ветеринариялық және зоотехникалық сүйемелдеумен қамтамасыз етуге дайын. Дұрыс азықтандырылған кезде сау жас ірі қара мал тәулігіне 600-800 грамм емес, бір килограмнан артық салмақ жинай алады. Сонымен қатар, ет комбинаты серіктестерге жоғары сатып алу бағасын ұсынады.
«Біз құрама жем зауытын салуды, сондай-ақ қасапхана қалдықтарын қайта өңдеуді жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз — барлық қатысушыларға барынша пайда әкелетін өндірістің тұйық циклін құру», - деді Азамат Шалмағанбетов.