Қазақстаннан сиыр етінің экспорты 1,5 есе өсті
Қазақстанда мал шаруашылығының жалпы өнімін өндіру көлемі 2024 жылы 3,6% өсіммен 3,3 трлн теңгені құрады. Барлық түрдегі ет өндірісі 4,3%-ға өсіп, 1,2 млн тоннаны, сүт - 4,4%-ға артып, 3,6 млн тоннаны құрады.
Өндірілген көлемдер ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен ведомство алқасы отырысының қорытындысы бойынша хабарлады.
Атап айтқанда, 22,1 мың тоннадан астам сиыр еті (өсімі 1,5 есе), 17,6 мың тонна қой еті (өсімі 2,2 есе) экспортталды.
АШМ деректері бойынша 2023-2024 жылдары 86 СТФ құрылысы қаржыландырылды, 39 пайдалануға берілді, 47 жобаны іске асыру жалғасуда. 2025 жылы өңірлерде 2026-2027 жылдары енгізіле отырып, өндіріс көлемі 139,5 мың тонна болатын кемінде 31 СТФ салынады.
Құс фабрикаларын салу жұмыстары да жалғасуда. 2024 жылы қуаттылығы жылына 15,9 мың тонна ет бағытындағы алты құс фабрикасы іске қосылды. Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарының әкімдіктері жобаларды пайдалануға беруді қамтамасыз етпеген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылға арналған австралиялық тәжірибені енгізу бойынша жұмыс шеңберінде 10 жоба анықталғанын, таяудағы екі жылда 98 мың бас ІҚМ-ге 6 бордақылау алаңын, 50 мың бас ұсақ малға арналған ірі бордақылау кешенін және бірінші мамандандырылған мал биржасын салу жоспарланғанын атап өтті. Осыған байланысты жемшөп өндірісінің Жол картасы өзектендірілді.
АШМ алқасының отырысы барысында ветеринариялық қадағалау саласындағы жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Соңғы үш жылда ауру ошақтарының 49,1%-ға төмендеуі байқалды. Өңірлерде 223 ветеринарлық нысан салынды. Сонымен қатар, жеті облыста бірде-бір ветеринарлық пункт салынбаған. 2025 жылы 546 жаңа нысан салу және 20 инсенератор сатып алу жоспарлануда.
«Жануарлардан алынатын өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру серпіні байқалады. ЕАЭО, ТМД, ЕО, Қытай, Түркия және басқа елдерге экспорттау үшін ветеринариялық талаптар мен сертификаттар келісілді. ЕО-ға бал экспорттауға рұқсат алу маңызды жетістік болды», - деп атап өтті АШМ.
2024 жылдың қазан айында «Карантиндеу-Экспорт» жаңа функционалы іске қосылды, ол жануарлардың жай-күйін бақылау процестерін және шекарадағы экспорттық рәсімдерді аяқтауды автоматтандырады. Жануарларды союға бақылауды жақсарту үшін «ветеринариялық-санитариялық сараптама» цифрлық функционалы енгізілді, ол 2025 жылғы 24 наурызда күшіне енеді.
«Биыл ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруға және мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталған шаралар кешені іске асырылатын болады. Осы мақсаттарға жетудің маңызды шарты ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Ветеринариялық нысандар құрылысының индикативті жоспарларының орындалуы алаңдатады», - деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Ол әкімдіктерге салынып жатқан ветеринариялық инфрақұрылым нысандарын қысқа мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.