10:58 Мал шаруашылығы

Мал өсірушілерді жеңілдетілген несиелендіруге 50 млрд теңге бөлінеді

Қазақстанда 50 млрд теңге көлемінде мал шаруашылығына жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

«Айналым қаражатын қажет ететін мал шаруашылығы саласын жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көктемгі егіс жұмыстарына ұқсас мал шаруашылығы үшін айналым қаражатын толықтыруға 50 млрд теңге сомасында жеңілдікпен несие беру іске қосылады», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Айналым қаражатына қаржыландырудың өсуін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер үшін осы мақсаттарға арналған коммерциялық қарыздар бойынша мөлшерлемені субсидиялауды алып тастауды ұсынады. Бұл субсидиялаудан жеңілдетілген несие беруге кезең-кезеңмен көшуді жүзеге асыруға және субсидиялар бойынша жергілікті бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Айдарбек Сапаров 2024 жылы жылдық 5% жеңілдікті кредиттік өнімдерді енгізу аграрийлерге егіске дайындық үшін қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды толық көлемде сатып алуға, сондай-ақ жылдық 5% қолжетімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға мүмкіндік бергенін атап өтті. 2025 жылы дала жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу көлемі 700 млрд теңгені құрайды, қаражатты бөлу алты арна бойынша жүргізіледі: Аграрлық несие корпорациясына, екінші деңгейдегі банктерге, микроқаржы ұйымдарына, өңірлік инвестициялық орталықтарға, кредиттік серіктестіктерге, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға тікелей несие беру.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын 15 айға дейінгі мерзімге 5% жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы 2025 жылы іске қосылатынын хабарлаған болатын. Сондай-ақ инвестициялық мақсаттарға жеңілдікті несиелерге қаражат жіберу мүмкіндігі талқыланады. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі етті мал шаруашылығындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа субсидияларды басқа да қолдау құралдарына ауыстыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, малды ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына тапсыру кезінде субсидиялау нормативтерінің өзгеруі талқылануда.