Қазақстан Қытайға ет экспортын жеңілдетуді ұсынды
Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына жеткізуді кеңейту мәселесін премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинмен кездесуінде талқылады. Ет өнімдерінің экспортын ұлғайту мақсатында вице-премьер экспортқа қолданыстағы шектеулерді алып тастау үшін ветеринарияда аймақтандыру қағидатын тану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Сиыр еті мен шошқа етін экспорттаушылардың көпшілігі Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық облыстарының аумағында орналасқан, онда аусыл бойынша шектеулер әлі де қолданылады. Ауру жойылғаннан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Бас кеден басқармасы жүргізген мал шаруашылығы кәсіпорындары инспекцияларының және Қазақстанның ветеринариялық қызметінің аудитінің қорытындысы бойынша біз Қазақстан тарапы қабылдаған жануарлар ауруларын аймақтандыру қағидаты шеңберінде қолданыстағы шектеулерді алып тастауды сұраймыз. Бұл Қытай тарапынан аусыл ауруы тіркелген Қазақстанның нақты өңіріне қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұдан басқа, астық тасымалдау кезінде туындайтын кедергілер, қазақстандық кәсіпорындарды ҚХР экспорттаушыларының тізіліміне енгізудің және ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісудің, Қытайдың Бас кеден басқармасының тізілімінде қазақстандық элеваторларды аккредиттеудің ұзақ рәсімдері талқыланды.
Тараптар қазақстандық шикізаттық емес өнім экспортының айтарлықтай өскенін атап өтіп, тауар номенклатурасын әртараптандыру жөніндегі қадамдарды талқылады. Электрондық коммерцияны дамытуға, оның ішінде Alibaba және JD.com платформаларында Қазақстанның ұлттық павильондарын ілгерілетуге баса назар аударылды. YTO Group Express пен Қазпошта арасындағы почта жөнелтімдерін жеткізудің бірлескен кәсіпорнын құру жөніндегі ынтымақтастықтың табысы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Хань Чуньлинь жаңа кезең – Қытай мен Қазақстан арасындағы алтын отыз жылдық қарым-қатынастың басталуымен қол жеткізілген екіжақты әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Ол сондай-ақ жаңартылатын энергетика, цифрлық экономика, АӨК және электрондық сауда саласындағы жобаларды дамытуды қоса алғанда, екі елдің экономикалық ынтымақтастығының жаңа Жол картасы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Үкіметте 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық 43,8 млрд долларға жеткенін еске салды.